Сауран ауданындағы Шаға өндірістік алаңында жұмыс қызу жүріп жатыр. Мұнда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға серпін беруде. Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өндірістік алаңда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қызметі таныстырылды.

«BNK Group» кәсіпорны – ауыл шаруашылығы саласына арналған технологиялық жабдықтар өндіретін ірі компания. Бүгінде кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару машиналарын шығарады. Сонымен қатар мұнда ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылып, агродрондар мен металл конструкциялары өндіріледі.

АЛТЫНБЕК СЕРГЕТАЕВ, КӘСІПКЕР
Қазір біз тамшылатып суару таспасын шығарып жатырмыз. Бұл – суды үнемдеуге арналған жабдық. Кәсіпорында бүгінде 24 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Пресс-тур бағдарламасы аясында «Aqniet Holding» кәсіпорнының өндірістік әлеуеті де таныстырылды. Компания білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндіруге маманданған. Соңғы үш жылда еліміз бойынша 50-ге жуық мектепті заманауи жиһазбен қамтамасыз еткен кәсіпорында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сәйкес өнімдер шығарылады.

МАҚСАТ ТАҢАТАРОВ, САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Шаға өндірістік алаңында 40 өндірістік ғимарат іске қосылды. Соның нәтижесінде 1500 жаңа жұмыс орны ашылды.

Пресс-тур барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кәсіпорын басшыларымен пікір алмасып, өндіріс көлемі мен өнім өткізу нарығы туралы мәлімет алды. Сондай-ақ экспорттық әлеует, жаңа инвестициялық жобалар және өндірісті кеңейту жоспарларымен танысты. Шаға өндірістік алаңында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар Сауран ауданының индустриялық әлеуетін нығайтып, өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін беріп отыр.