Ұлттық өнер ұлықталды. Түркістан қаласында өткен «Үкілі домбыра» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқау этнос жастары арасындағы достықты, өзара құрмет пен қоғамдық келісімді нығайтуды мақсат етті. Сонымен қатар, қазақ халқының төл өнері мен рухани мұрасын кеңінен дәріптеуге арналды.

Қасиетті қара домбыраның үні түрлі этнос өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Ұлттық құндылықтар арқылы бірлік пен татулықтың жарқын үлгісі көрсетілді. Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениетін әділқазылар алқасы бағалап, үздік өнерпаздарды марапаттады.

ЭЛЬМИРА ЖАНҒАЗИЕВА, ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНА ҚАРАСТЫ «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСШЫСЫ
Біздің мақсатымыз – этнос жастарының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Сол мақсатта осы байқауды ұйымдастырып отырмыз.

Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық өнерпазға белсенділігі мен өнерге деген ынтасы үшін арнайы сертификаттар табысталды. Ал үздік шәкірт тәрбиелеген жетекшілер алғыс хатпен марапатталды. Дәстүрлі ән аталымы бойынша І орынды Сауран ауданынан келген Юлдуз Бектемирова иеленді. Күй орындау номинациясында Қостанайдан келген Марк Ли топ жарды. Ал терме орындау аталымында Сарвар Умурдинов жеңімпаз атанды.

БАҚЫТЖАН РАУШАНБЕКОВ, КҮЙШІ
Қазіргі таңда Қарағанды медицина университетінің 5-курс студентімін. Бұл байқауға келгеніме өте қуаныштымын.

Осындай тағылымды өнер жобалары ұлттар арасындағы достықты нығайтып, қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеумен қатар, қазақтың төл өнерін кейінгі ұрпаққа насихаттауға зор үлес қоса береді.