Жаңа Конституция - ел болашағын айқындайтын басты құқықтық құжат. Ондағы әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Құжат халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуді күшейтіп, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуді көздейді. Ата Заңның күшіне енуіне орай ғалымдар мен қоғам өкілдері бас қосып, оның маңызы туралы пікір алмасты.


Ел болашағын айқындайтын жаңа Ата Заң жобасы алдымен жалпыхалықтық талқылауға ұсынылды. Азаматтардың құжатпен жан-жақты танысуына мүмкіндік жасау мақсатында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халықтың қолдауына ие болған Конституция бүгінде өз күшіне енді.


ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мемлекет басшысы күні кеше ғана жаңа Конституцияның күшіне енгеніне байланысты үндеу жолдады. Осы үндеуді қолдау мақсатында қаладағы жоғары оқу орындарында түрлі кездесулер мен жиындар өтіп жатыр.


Жаңа құжат «Күшті қоғам - Әділетті мемлекет» қағидатын негізге алып, Парламенттің рөлін күшейтуді, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуды және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды көздейді.


АЙНҰР НҰРМАХАНБЕТОВА, АҒА ОҚЫТУШЫ

Конституцияда адамның өмірі мен құқықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Сондай-ақ заң мен тәртіп қағидаттарына ерекше мән берілген.


Ата Заңда білім мен ғылым саласын дамытуға арналған арнайы бап бар. Осы норма ғылым мен білімнің дамуына тың серпін береді деп есептейді сала мамандары.


БАРШАГҮЛ ИСАБЕК, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ ПРОРЕКТОРЫ
Үшінші баптың енгізілуі ғалымдар мен ұстаздарды қуантқаны ақиқат. Бұл білім саласына жаңа өзгерістер енгізіліп, ғылымның дамуына және инвестиция тартуға жол ашатынына сеніміміз мол.


Дөңгелек үстелде жаңа Парламенттің өкілеттіктері де талқыланды. Заң шығарушы органның қызметін жетілдіруге бағытталған өзгерістер елдің демократиялық дамуына оң ықпал ететіні айтылды.