Домбыраның күмбірі Түркістан төрін тербеді. Ұлттық домбыра күніне орай жас күйшілер «Тұран даласының күйлері» байқауында бас қосты. Дәстүрлі өнер додасы қазақтың әйгілі күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналды. Жас таланттар күй мұрасын дәріптеп, өзара бақ сынады. Өнер додасында кімдер топ жарды? Тілшіміз баяндайды.


Байқауға кіші және ересек топ бойынша 20 талапкер қатысты. Жас домбырашылар Дина Нұрпейісова, Төлеген Момбеков, Сүгір Әлиұлының күйлерін нақышына келтіре тартып, шеберліктерін көрсетті. Әр қатысушы екі шығармадан орындап, қазылар алқасының бағасына ұсынылды.

РАЯН ИСМАИЛОВА, КҮЙШІ
Жалпы домбыраға қатысып жүргеніме бір жарым жылдай болды. «Еркесылқым», «Балбырауын» күйлерін тартып жүрмін. Осы жарыстан жүлделі орынмен қайтамын деген ойдамын.

Күйшілер екі кезең бойынша бақ сынады. Қазылар алқасы олардың техникалық шеберлігін, сахна мәдениетін, шығарманы жеткізу мәнерін және көркемдік деңгейін саралады. Жас өнерпаздардың дайындығы мен күйді меңгеру деңгейіне ерекше назар аударылды.

БЕКСҰЛТАН ЖҰМАН, «АҚЖАЙЫҚ» МУЗЫКА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Орындалатын күйлердің қатарында міндетті түрде Дина Нұрпейісованың шығармалары болады. Сондай-ақ шертпе күйді орындау да міндетті.

Байқау қорытындысында жастар арасындағы бас жүлдені «Ақжайық» музыка мектебінің шәкірті Жомарт Әбдірахман жеңіп алды. Ал 15–20 жас аралығындағы қатысушылар арасында Дәурен Маханбет үздік деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.