Мегаполисте тағы 30 отбасы жаңа баспананың иесі атанды. Салтанатты іс-шара «Көрме» орталығында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өтті. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді.

Гаухар Қаратаева – көпбалалы ана. Ол тұрғын үй кезегіне 2019 жылдан бері тіркелген. Араға бірнеше жыл салып, жеңілдетілген несие арқылы баспаналы болды.

ГАУХАР ҚАРАТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Коп балалы ана ретінде тұрғанмын кезекке. Әкімдіктің қолдауымен 2 пайыздық жеңілдетілген несиемен үйлі болдық.  

Көпқабатты тұрғын үйлер қарқынды дамып келе жатқан Бозарық шағынауданында орналасқан. Жаңа баспаналар көпбалалы және толық емес отбасыларға, жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ бюджет саласы қызметкерлеріне табысталды.

КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Бұл азаматтарымыз Отбасы банк арқылы қол жеткізіп отыр. Әр азаматымыз төлем қабілетін растаған.

Шымкентте 95 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Қалада тұрғындардың баспана жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.