Ақпан айында жаңа Конституция жобасы көпшілік талқысына ұсынылып, 15 наурыз күні республикалық референдум өтті. Халық қолдап, мақұлдаған Ата заң өз күшіне енді. Негізгі өзгерістердің бірі – 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы. Қолданыстағы Конституцияның 9 бөлімі мен 77 бабына түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Бұл – құжаттың шамамен 84 пайызының жаңарғанын білдіреді. Ауқымды өзгерістерге халықтың пікірі мен елдің ұсыныстары негіз болды.


Конституцияға енгізілген өзгерістер елдің одан әрі дамуына және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай «Шым Сити» саябағында мерекелік кеш өтті. Зиялы қауым өкілдері тұрғындарға Ата заңның мән-маңызын түсіндірді. Өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, жұрттың жігерін жанды.

МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Мерекелік концерттің мақсаты – патриоттық рухтағы әндер арқылы жаңа Конституцияның мән-маңызын түсіндіру.

Ата заңға өзгерістер енгізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында көтерді. Осыдан кейін парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Конституция жобасына қатысты азаматтар мен сарапшылардан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті. Жаңа құжат 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Оның 30-ға жуық бабы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға арналған.

НЕМАТИЛО ЗИКРУЛЛАЕВ, ӘНШІ
«Жаңа заң жобасы заман талабына сай әзірленді. Ондағы өзгерістерді сіз бен біз, яғни халық ұсынды. Сондықтан бұл – халықтың таңдауы. Концерт арқылы елдің бірлігі мен ынтымағын дәріптеп, патриоттық әндер арқылы жұрттың отансүйгіштік рухын көтеруді көздейміз.»

Заман талабына сай жаңа нормалар Конституцияға енгізілді. Атап айтқанда, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілді. Дін мен мемлекеттің арақатынасы нақтыланды. Сондай-ақ адвокаттық қызмет туралы арнайы бап алғаш рет енгізілді. Мызғымас құндылықтар ретінде Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы айқындалды. Ал мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамыту басымдыққа ие болды.