Елімізде жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес күшейтілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел аумағында мұндай топтардың әрекетіне қатысты 38 қылмыстық іс қозғалған.

Тергеу барысында топ құру, оны басқару, заңсыз әрекеттерге қатысу деректері тіркелген. Кейбір істер трансұлттық қылмыстармен байланысы бар деген күдікке ілінді. Сонымен қатар заңсыз жолмен табылған қаражатты заңдастыру фактілері де тексеріліп жатыр. Құқық қорғау органдарының бақылауында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері де бар. Онда тәртіп бұзу деректері бойынша 50-ден астам іс тіркелді. Қазіргі таңда шетелдік қылмыстық құрылымдарға қатысы бар 500-ге жуық адамның елге кіруіне тыйым салынған.

ҚУАНДЫҚ АЛПЫС, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ
Әр түрлі қылмыс жасағаны үшін қылмыстық ортаға қатысы бар 160-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Азаматтар мен кәсіптердің қауіпсіздігіне қол сұғатын қылмыстардың жолын кесуге ерекше назар аударылады. Полицейлер кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарында жасалған және өзге де қылмыстарға қатысты 270-тен астам бопсалау фактісін анықтады. Еліміздің өңірлерінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.