Әйелдер арасындағы 2024-2025 жылғы Халықаралық шахмат федерациясының Гран – Приінің ІІ кезеңі басталды. Оған әлемнің үздік 10 шахматшысы қатысуда. Шымкентте өтіп жатқан беделді турнирдің алғашқы дебютін федерация президенті Аркадий Дворкович пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бастап берді.
Еліміздің намысын әйелдер құрамасының көшбасшысы – 45-ші шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева қорғауда. Оның бірінші қарсыласы болгарлық Нургюл Салимова болды. 2024-25 жылғы турнир сериясына әлемнің ең мықты 20 шахматшысы 6 кезең бойынша бақ сынасады. Оның біріншісі тамыз айында Тбилисиде өткен болатын. Шымкенттегі 2-ші кезеңде 8 мемлекеттен мықтылардың мықтысы келіп отыр.
15 жылдық тарихы бар классикалық шахматтан әйелдер Гран-приінде жалпы есепте екі жеңімпаз келесі әлемдік шахмат тәжінен үміткерлер турниріне қатысуға мүмкіндік алады. Айта кетейік, әйелдер арасындағы шахмат сайысы қомақты жүлде қорымен ерекшеленеді. Әр кезеңнің жүлде қоры $80 000 құрауда. Оның $18.000 бірінші орын алған шахматшыға табысталады. Бүкіл серияның жалпы жүлде қоры $600 000 тең. Қаламызда өтіп жатқан турнир 8 қарашаға дейін жалғасады.