Түркістанда полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамның өмірін сақтап қалды. Ал шымкенттік полицейлер есірткі тасымалының жолын кесті. Құқық қорғаушылардың тындырымды тірліктері алдағы топтамада.


Қалалық полиция басқармасының “102” тетігіне таңғы сағат 06:30 шамасында Ерубаев даңғылының бойында белгісіз ер адамның әйнекпен өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы ақпарат келіп түсті. Аталған хабарлама бойынша тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жеткен. Істің мән-жайын анықтауға тырысқан. Қолында тасы мен әйнекке мойнын тосып, жақындаса өзіне қол салатынын айтып қорқытқан ер адамды көріп, райынан қайтару үшін оны әңгіме тартқан. Яғни оны қауіпті қадам жасамауға үгіттеп, көндіре бастады. Алайда өзін жөнсіз ұстаған ер адам ашуға булығып, қарсыласқан. Осы сәтте полицейлер ер адамды сөзге айналдырып тұрып, оған байқатпай, артқы жағынан келген екінші қызметкер жылдамдықпен ұстап қалған. Белгілі болғандай, 34 жастағы жұмыссыз жергілікті тұрғын қатты мас болған және өз әрекетінің себебін нақты түсіндіре алмаған. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері мән-жайын анықтап жатыр.

«СИНТЕТИКА» ДОЗАЛАРЫ АДРЕСАТТАРҒА ЖЕТПЕДІ

Шымкентте Мефедрон есірткісінің жеткізілімін Қаратау ауданының учаскелік инспекторлары үзді. Полицейлер есірткі курьерін «Құқықтық тәртіп» іс-шарасын өткізу барысында анықтады. Көше бойында тәртіп сақшыларын көре салысымен жүру бағытын өзгертіп, жасырынуға тырысқан жігіт өз әрекетімен күдік тудырып, тоқтатылған. Тексеру барысында оның сөмкесінен 35 есірткі орамасы мен жасырын орынды қазып дайындауға арналған бұрағыш құралы табылды. Бұдан бөлек, ер адамның 10 жерге есірткі заттарын тығып үлгергені белгілі болды. Олардың барлығы табылып, тәркіленді.Күдікті қамауға алынды. Тергеу жүргізілуде.