Шымкентте биыл  7 елді мекенге көгілдір отын құбыры тартылуда. Олар Қайнарбұлақ, Ынтымақ-2, Тассай, Қаратөбе, Тәуелсіздікке 20 жыл, Қайтпас-1  шағын аудандары. Солардың бірі, Тассайдағы құрылыс аяқталуға жақын. Жобаның түзетілген нұсқасы дайын болса, жұмысты тез арада тәмәмдап, халыққа көгілдір отын беруге дайынбыз дейді мердігер мекеме өкілі.

Тассай тұрғын алабындағы табиғи газ құрылысы 2021 жылы басталған болатын.  Түзетулерді қажет еткен жоба өткен жылы қайта қарауға жіберілген. Дегенмен, мұндағы жұмыс жалғасып жатыр. Бүгінде ішкі орам жүйелері толығымен тартылған.

Бастапқыда жасалған жоба бойынша 3341 үйді көгілдір отынмен қамтамасыз ету көзделген екен. Түзетулерге байланысты жаңа құрылыс аумағындағы  120 үй  қосылыпты. Сондай-ақ, Тассайға келетін табиғи газ нүктесі де өзгеріп отыр.

 Бүгінге елді мекендегі құрылыстың 80 пайызы аяқталған. Түзетуге жіберілген құжат қолға тисе, жұмысты әрмен қарай жандандыратындарын жеткізген мердігер мекеме өкілі, жылыту маусымына дейін халыққа көгілдір отын беруді жоспарлап отырғандарын айтады.