Шымкентте қалған 2 ғана соғыс ардагерінің бірі Мұраталы Төлепбергенұлы 99 жасқа келіп отыр. Жылда екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына және 9 мамыр – Кеңес әскерінің жеңісі күніне орай ақсақалдың халін сұрап, өсиеті мен танымды әңгімесін тыңдап қалуға тырысатындар көп. Біздің арна түсірілім тобы да жылдағы дәстүрмен Мұраталы атаның қара шаңырағы Түлкібас ауданына барып қайтқан еді. Шүкір, ата бақуат, әңгімесін айтып отыр.

 Мұраталы Төлепбергенұлы 1 айдан соң 99 жасқа толады. Түлкібас ауданы Жаскешу ауылында дүниеге келген. 1943 жылы соғысқа аттанады. Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенберг, Перлеберг қалаларының шайқасына қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.

Туыстарының айтуынша, атаның ахуалы жақсы, бірқалыпты. Немере-шөберелеріне соғыстың ауыр жылдары мен кезеңдерін айтып, бейбіт күннің қадірін білуге үндеп отырады. Жыл сайын 9 мамыр күні қарсаңында күллі әулет жиналып мәре-сәре болады екен.

Мұраталы ата соғыстың соңғы ардагерлерінің бірі. Оның бүгінгі тілегі – ұрпақты уайымсыз өмірі мен бейбіт таң ғана.