Заңсыздықтың жолы кесілді. Шымкент қаласында мердігер мекеме рұқсат құжаттар бекітілмей, келісім шартқа қол қойылмай жатып құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Нәтижесінде Тұран ауданы Арғынбеков көшесінің бойындағы 80 метрге жуық аяқжолды қопарып тастаған. Мекеме өкілінің айтуынша жоспарды толық және уақытылы орындау үшін осындай әрекетке барған. Әкімдіктегілермен ақылдаспауының арқасы осындай қателікке әкеліп отыр. Алайда бұл аумақ шартты түрде мердігер жеңген конкурста бекітілмеген. Келісім шартқа отырмай қандай да бір  жұмыстардың жүргізілуі заңсыз болып табылады. Сонымен қатар тұрғындарға қолайсыздық тудыратыны анық. Тікелей қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасымен заңсыз құрылыс тоқтатылды.

Жауапты мекеме бұзылған жерді өз қаражатына қалпына келтіретін болды. Тәртіп сақшылары «ПОЖТЕХМОНТАЖ» ЖШС жауапқа тартып, 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Айта өтейік үшінші мегаполисте заңсыз құрылысқа жол жоқ. Шаһардағы нысандардың құрылыс барысы шаһар басшысының тікелей бақылауында.