«Таза Қазақстан» акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы соңына да жетіп қалды. Бұл жетіде қарттар үй мен қариялардың үй ауласы тазартылды. Шымкенттің әр ауданында тазалық жұмыстары жүргізіліп, белсенді жастар мен коммуналдық қызметкерлер ақсақалдардың ақ батасын алды.

 Экологиялық акция аясында Абай ауданында жалғызілікті жан да ұмыт қалмады. Тұрлан шағынауданында тұратын Ұлжан Қалауованың ауласында да тазалық жұмысы жүргізілмек. Әкімдік қызметкерлері бастаған топ 90-ға таяған жалғызілікті әжейдің хал-жағдайын біліп, үй ауласын тазартуға келді.  

«Өнегелі ұрпақ» апталығы бойынша тазарту жұмысына коммуналдық қызметкерлер, әкімдік мамандары мен ауданның ерікті жастары қатысты. Бұл жұмыстарға өнеге көрсету үшін ауыл биі, ерікті аға буын азаматтар да арнайы келді.

Шағынаудан тұрғындары акция аясындағы жұмысқа ризашылығын білдіріп отыр. Бастама көтергендер мен атқарушы органға да алғыс айтты. Сонымен бірге мәселелерін де айтып, өтінішін жеткізді.  

Абай ауданы әкімдігінің қызметкерлері мұнымен тоқтамақ емес. Акция аясында ғана емес жалғызілікті жанның жағдайы жіті назарымызда дейді. Оның әлеуметтік қызмет алуы, денсаулық жағдайы мен күтімі әркез бақылауда болады деп отыр. Сондай ақ алдағы уақытта да қазыналы қарттардың үй-жайы ретке келтіріліп, тазарту жұмысы жалғасын табады.