Шымкент қаласында 7 балдық жер сілкінісі орын алды. Дабыл қағылып, барлық жауапты құрылым аяқтан тік тұрды. Төтеншеліктер дүмпу салдарынан зардап шеккен аудандарға аттанып, тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшірді. Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында эвакуациялық пункт құрылып, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілді. Деседе мұның барлығы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің кезекті сейсможаттығу іс- шарасы еді. Шымкенттік құтқарушылар мен тұрғындар айтып келмейтін табиғи апатқа дайын ба? Әріптесім Нұрлан Пайзов оқу-жаттығуға қатысып келген еді.

 Сейсможаттығу Сайрам мөлтек ауданы, 14 үйде басталып, шартты түрде орын алған 7 балдық жер сілікінсі кезінде тұрғындар қауіпсіз орындарға эвакуацияланды. Осы сценарий бойынша жүргізілген оқу-жаттығудың барысын қала тұрғындары да бақылап ат салысты.

 Сейсмикалық оқу-жаттығу барысында қауіпсіз аймаққа жеткізілген  халықты  құтқрушылар арнайы пунктке орналастырды.  Бұл орайда  Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп негізінде құрылған эвакуациялық-жинау пунктінің жұмысы іс жүзінде көрсетілді. Іс-шара барысында пункттің әр тобының жұмысы түсіндіріліп, нақты атқаратын міндеттері практикалық тұрғыдан көрсетілді.

№31 эвакуациялық-жинау пункітінде  тіркеу орны мен медициналық кабинет жасақталған. Сонымен қатар ана мен бала бөлмесі, күту залы және эшалондарды жөнелту тобы ұйымдастырылған. Эшалон тобының мақсаты халықты қауіпсіз аймаққа шығару.

Үйдегі аспалы шамның теңселуі, ғимараттарда сызат пайда болып кейбірінің қирауы, электр желілерінің үзіліп, газ құбырының жарылуы зілзала зардаптарының бір көрінісі ғана. Апатты жағдай орын ала қалса мұндай көрініске дайын болу керек дейді жауаптылар. Сол мақсатта төтеншеліктер жылда сейсможаттығу іс-шарасын ұйымдастырып тұрады.

 Айта өтейік, сейсмикалық оқу-жаттығу іс-шарасы «Су ресурстары-маркетингі» мекемесінде де ұйымдастырылы. Мұнда дабыл қағылып, барлық қызметкерлер қауіпсіз аймаққа көшірілді. Зіл-заладан зардап шеккен бір адамға медицинаық көмек көрсетілді.