Шымкенттегі  базарлар заманауи талапқа сай қайта жаңғыртылуда. Солардың бірі, Барыс базары. Модернизациялау жұмыстарының нәтижесінде, сауда қатарларының қызметі ұйымдастырылып, базар аумағын күтіп-ұстау, оны жабдықтау және жарықтандыру жүйелері талапқа сәйкестендірілуде.

Барыс базары аумағындағы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде, сауда қатарлары ретке келтіріліп, жабдықталуы мен жарықтандырылуына баса назар аударылған.  Базар басшылығы бірінші кезекте, ретсіз орнасқан сауда қатарларын осында көшіруді көздепті.

 Жаңа павильонның аумағы 2000 шаршы метрді құрайды. Заман талабына сай салынған мұнда, қыста ыстықты, жазда салқынды ұстап тұратын арнайы жүйе қарастырылған. Бүгінде 60 кәсіпкер осында  орналастырылыпты. Оларға бастапқы айда жеңілдіктер жасалған.

 Сондай-ақ, базар аумағында кеңейту жұмыстары да жүргізілуде. Жолдар асфальттанып, жаңа сауда орындары жасақталуда. Нәтижесінде, көтерме сауда базарындағы жүк көліктерінің жүріп тұруы реттелген.

Базар аумағының тазалығы басты назарда. Мұнда, аптасына екі мәрте дезинфекциялық жұмыстар жүргізілетінін алға тартқан базар әкімшілігі баға тұрақтылығын үнемі бақылауда ұстап отырғандарын айтады. Бұл ретте, тұтынушыларда дән риза.

 Лидия Эфремова, Шымкент қаласының тұрғыны
- Мен бұл базарға аптасына екі рет келемін. Өнімдері балғын, бағалары қалтаға қонымды. Әр келген сайын бұл базардан өзгерісті байқап жүрмін. Мынандай әдемі ғимаратта сауда жасау біздерге де, саудагерлерге де өте қолайлы. Іші тап-таза. Кірген адамға өте жағымды. 

 Көтерме Барыс базарының аумағы толықтай соңғы үлгідегі бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, 40-қа жуық күзетші нысан қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Айта кетейік,  412 орынға шақталған сауда орнында жұмыс  жасаймын деушілерге әрқашан есік ашық. Базар басшылығының алдағы жоспарына сәйкес, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жаңа сауда орындары ашылатын болады.