Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде кезекті қуаныш! Шымкенттің Достық шағынауданында жоғары оқу орнының тағы бір корпусы ашылып, әскери кафедраның су жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Отан қорғаушылар күні қарсаңында ресми түрде лентасы қиылып, көпшілікке әскери материалдық-базасы таныстырылды.  

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті болашақ мұғалімдерді қосымша әскери мамандыққа да баулиды. Ашылғанына бес жылға жуықтаған Әскери кафедра енді міне өз алдына бөлек жаңа ғимаратқа көшті. Осылайша, Оңтүстік өңіріндегі ұстаздар ұстаханасының бесінші корпусы ашылды.

Жоғары оқу орнының Әскери кафедрасы - ҚР Қарулы Күштерiнiң әскери оқытылған резервiн даярлауда және толықтыруда стратегиялық мiндеттердi орындап келеді. Мұнда запастағы лейтенаттар мен сержанттар сапалы түрде дайындалады. Осылайша, кафедраның кадрлары еліміздің қорғанысын күзететіп, әскери әлеуетін арттыруға да үлесін қосады.   

 Жаңа ғимараттың ашылуына келген қонақтар материалдық-базамен танысты. Әскери-есептік мамандарды даярлаудағы арнайы пәндер бойынша арнайы сыныптар көрнекі құралдармен, қару-жарақ үлгілерімен, макеттермен және әдістемелік нұсқаулармен жабдықталған. Әскери кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамына - мамандықтарға сай әскер түрлерінде, тиісті лауазымдарда қызмет атқарған, әскери-педагогикалық тәжірибесі мол офицерлер тартылған.

 Әскери кафедраның тактикалық алаңы, инженерлік және атыс даярлығы қалашықтары да басшылық құжаттарға сай жасалған. Бүгінде аумақ қоршауға алынып, күзетке алынды. Айта кетейік, биылғы оқу жылында мыңға жуық студент өзі таңдаған саладан өзге әскери мамандықты да игереді. Ол үшін мемлекеттік грант пен ақылы бөлім де қарастырылған. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің әскери кафедрасында Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Инновациялық университет пен Мирас, Шымкент унивситеттерінің студенттері де әскери білім алады.