Биылғы Отан қорғаушылар күні мерекесі – Ұлы Отан соғысының батыры, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы тұлғалардың құрметіне отаншылдықты, ерлкіті дәріптейтін іс-шаралар өтуде. Бүгін Түркістанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, әскерилерді құттықтады.

Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөзі бар. Сол ұстанымға адал болу – баршамыздың міндетіміз! Туған ел мен жерді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазақ мемлекетін қалыптастыру жолында тарихта аты алтын әріптермен жазылған ұлы баһадүрлердің ұрпақтары әлсіз болмауы тиіс. Жиында айтылған негізгі ой осыған саяды.

 «Ұлттық ұлан» сарбаздарының әскери шеруі өтті. Қолбасшы облыс әкіміне баянат жасады. Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. «Ұлттық ұлан» №6506 әскери бөлімі сарбаздарына Қорғаныс министрлігінің және Ішкі істер саласы бойынша әскери шен тапсырылды.  Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын! Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін,- деген облыс басшысы әскерилерге құрмет көрсетіп, марапаттады.

 Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша былтыр 4500-дей жалынды жас әскерге аттанды. Биыл да өрендер әскери бөлімдерге жіберіледі. Облыста әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар жанданып жатыр. Білім ұяларында оқушылар мен студенттерге ерлік пен елдіктің маңызы дәріптелуде. Қоғамда әскери салаға деген қызығушылық артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.