Шымкентте жыл басынан орман және дала өрті дерегі тіркелмеген. Мамандар оқыс оқиғаның алдын алу үшін автомобиль жол бойында және егістік алқаптарда өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмысын жүргізіп жатыр. Өрт қауіпсіздігін алдын алу мақсатында Абай ауданы төтенше жағдалар  бөлімінің қызметкерлері Дендрологиялық саябақ қызметкерлері мен демалушыларға түсіндірмелік жұмыс жүргізді.

Биыл жауын-шашынның мол түсуіне байланысты айнала жасыл желекке оранды. Бұл қуантарлық жайт. Әйтседе уақыт өте келе дала сары кілем жамылғанда өрт туындау қауіпі арта түседі. Осы орайда тұрғындар тілсіз жауды болдырмаудың бірнеше жолын білуі керек. Ол үшін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қауіпсіздіктің алдын алу жұмысын жүргізіп жүр.

 Дендрологиялық саябақ аумағы 117 гектарды алып жатыр. Мұнда 6 қызметкер көк майсаны ору жұмысымен айналысса, 2 трактор 9 шақырым жерде өртке қарсы минералды жолақ сызып жүр.   

 Жалпы қала аумағында 450 шақырымнан астам жерге өртке қарсы минералды жолақ жүргізіледі. Абай ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері өз аумағында оның талапқа сай болуын, және жол бойындағы шөптердің сарғаймай орылуын қадағалайды.  

Айта өтейік, қазіргі таңда  Асанбай Асқаров атындағы Дендрологиялық саябақта  2 өрт сөндіру техникасы,  су тасуға арналған 3 дана 3-тонналық өртке қарсы тіркеме бар. Сондай-ақ саябақ аумағы арнайы қауіпсіздік шиттер қойылған.