Түркі әлемінің рухани, мәдени орталығы – Түркістанда Қала күні мерекесінің гала-концерті өтті. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, барша қонақтарды құттықтап, рухани астананың әлем назарын аударған әлеуетті шаһарға айнала беруін тіледі.


 Биыл Түркістан қаласының халқы мерейлі мерекесін кеңінен тойлады. Киелі шаһарда Қала күні онкүндік шаралармен өрнектеліп, әртүрлі бағытта аталып өтті. Республикалық футбол турнирінен басталып, суретшілер фестивалі, поэзия кеші, фото байқау, шахматтан ашық біріншілік және Яссауи хикметтерін жатқа айту, ұлттық және эстрадалық әндер концертімен жалғасты. Қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, мерекелік көңіл күй сыйлау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өткен шаралар барлық секторда ұйымдастырылды.

 Кеште елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті талантты өнер иелері жиналған көпшілікке әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл сыйлады. Салтанатты жиында Республика күні мерекесіне орай өз саласында адал еңбек атқарып жүрген бір топ еңбек адамы арнайы марапатталды.


 Бүгінде қала халқының саны 234 мыңнан асып отыр. Қалада инвестиция, өнеркәсіп, құрылыс, инфрақұрылым, туризм, білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары күн сайын қарқынды дамып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Түркістан қаласына 273 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы көрсеткіштен 110 пайызға артқан.


 Ішкі туризм саласы бойынша Түркістанға жыл басынан бері 752 мың адам келген. Ал биылғы 7 айда 13,7 мың шетелдік қонақ болған. Сәйкесінше, қонақ үйлер мен туристік нысандар саны да күн санап артыпжатыр. Ал ауыз су, кәріз жүйесі, электр қуатымен қамтамасы ету, абаттандыру, жол, қоғамдық көлік қызметінің сапасы жақсарып, көгілдір отынмен 98 пайызға қамтылған.