«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында үшінші мегаполистің әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге Әл-Фараби ауданындағы тазалық шараларына қатысты. Қала әкімі жауаптыларға белсенді азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, жергілікті халықты сенбіліктерге тартуда нақты тапсырмалар берді.

Бұл бағыттағы шаралардың тұрғындар жауапкершілігін арттырып, қала тазалығын жақсартуда маңызы зор. Жалпықалалық акцияға еңкейген қариядан, жастарға дейін біркісідей  қала тазалығына  атсалысуда.

Жалпықалалық акцияға атсалысқан белсенді жастар мен еріктілер, жергілікті азаматтар  бірлесе  Әл Фараби ауданына қарасты Республика 27 көпқабатты тұрғын үйінің ауласына  тазалық жұмыстарын жүргізді. Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы тазалыққа деген жанашырлықты, ауызбіршілік пен ынтымақты көрсететін  акцияның  маңыздылығына тоқталып, барша тұрғындарды тазалық жұмыстарында белсенділік танытуға шақырды.

 Әл Фараби ауданында жалғасқан «Өнегелі ұрпақ» апталығының басты мақсаты  өскелең ұрпақтың бойында тазалық мәдениетін қалыптастыру дейді мамандар.

Айта кетейік, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4 жарым мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылған. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді.Сондай-ақ,   әр аптаның тақырыбы және мақсатына сай Республикалық акцияға қала әкімдігіне қарасты барлық басқарма қызметкерлері де  атсалысып, әр мекеме өз ауласын қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарын  жүргізетін болады.