Ел Президентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі қаулысын орындау мақсатында ғалымдар 74 том жинақ шығарған. Оның 3 томын Түркістан облысы мен Шымкент қаласының зерттеушілері ұсынып отыр. Кеңес заманының әділетсіздігі сонша, аяқ киім, пісте сатқан алып-сатарларды антисоветтік элементті қолданғаны үшін 5 жылға дейін соттап, қамаған.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмыс істеп жатқанына 3 жыл болды. Жеткен жетістік, ашылған ақтаңдақ аз емес. Негізгісі – реабилитация шаралары. Осы уақытқа дейін толық ақталмаған, әділетсіз баппен жазықсыз жазаланғандар тым көп дейді тарихшылар.
Әділетсіздікке тап болған тағы бір топ – әскери тұтқындар. Архивтегі құпия деректерді зерттеген жергілікті ғалымдар 2021 жылдан бастап Шымкент полиция департаментінің мұрағатынан бірқатар дерек тапты. Әскери тұтқындардың саны – 8504. Оның ішінде 8336-сы іріктеуден өткен, ал 356 адам ақталуға жатпайды.
Мемлекеттік комиссия мүшелерінің сөзінше, Шымкент қаласында құпия архивті зерттеу қиындық туғызған. Орталықтандыру нәтижесінде Алматы қаласына Президент мұрағатына көшірген. Одан әрі қарай Астанаға ауысып, іссапар нәтижесінде шаруа созбалаңға салынды.
Архив ақтарылды, жарыққа шықты. Құпиялар ашылды. Ендігі жұмыс – сараптау мен саралау. Тарихи шындықты оқулық бетіне жариялау болмақ.