Балапан арнасында жаңа туынды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Balapan» телеарнасы ұсынып отырған «Желаяқ» атты толықметрлі мультфильм 1 мамырдан бастап үлкен экранға жол тартады. Мультфильм Әлем есімді суперқабілетке ие баланың басынан өткен шытырман оқиғаға негізделген.
Фильмнің басты кейіпкері бірінші сыныпта оқитын Әлем есімді бала. Ол бір күні ата-анасының зертханасында күтпеген оқиғаға тап болады. Сол сәттен бастап ол жылдам жүгіретін ерекше қабілетті балаға айналады. Оны көрген Мыстан баланың бойындағы күшін тартып алғысы келіп, түрлі қулыққа басады. Тіпті Әлемге шабуылдайтын арнайы топ құрады. Мультфильм балаларға жақсылық әрқашан жамандықты жеңетінін насихаттайды. Шытырман оқиғаға толы мультхикаяның соңы немен аяқталатынан 1 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көре аласыздар. Отандық анимацияны бәріміз бірге қолдайық!