ӨҢІР БАСШЫСЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те өз таңдауын жасады. Өңір басшысы Түркістан қаласындағы №951 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Жалпы облыста сайлау құқығына ие 1 миллион 210 мың 974 азамат тіркелген. Бұл – өңір халқының 56 пайызы. Жыл басынан бері дауыс берушілер қатары 16 мың адамға толыққан.
Өңірде барлығы 952 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның 26-сы – жабық учаске. Сайлаушылардың басым бөлігі еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Нақтырақ айтсақ, 30-45 жас аралығындағылардың үлесі – 32,7 пайыз, ал 18-29 жастағы жастардың көрсеткіші – 30,8 пайыз. Бүгін 99 жас азамат алғаш рет дауыс беріп, сайлаушы ретінде өз таңдауын жасады.
АСҚАР КЕНЕХАН, №951 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Бізде 2 мыңға жуық сайлаушы бар. Алғаш келген сайлаушыға сыйлық бердік.»
Сайлау учаскелерінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да қолайлы жағдай жасалған. Оларға 65 инватакси, 105 әлеуметтік такси, 209 сурдоаудармашы және 770 жеке көмекші қызмет көрсетеді. Ал сайлау учаскесін анықтап, сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерді тексеру үшін онлайн сервистер мен шағын ХҚКО жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, тұрғындар жергілікті Call-орталықтар мен «109» бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады.