Негізгі Жаңалықтар АҚЫН ӨМІРБАЙ СӘУІРБАЕВТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛДЫ

АҚЫН ӨМІРБАЙ СӘУІРБАЕВТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛДЫ

Түркістанда ақын Өмірбай Сәуірбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай еске алу кеші ұйымдастырылды. «Ақиқат деп соққан жүректің жыр-аманаты» деп аталған рухани шарада қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды. Кешті қала әкімдігі мен қалалық ардагерлер кеңесі бірлесіп ұйымдастырды.


 Рухани кеш «Бойтұмар» халықтық би ансамблінің ұлттық биімен басталды. Одан кейін ақын жырларынан өрілген поэзиялық композиция ұсынылды. Кеш барысында Өмірбай Сәуірбаевтың өмір жолы мен әдеби мұрасы кеңінен таныстырылды. Жиынға жиналғандар ақын шығармаларының тәрбиелік мәніне тоқталып, оның кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани аманатын сөз етті.


АЙДАР СЕЙДАЗЫМ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Бұл – тағдырлы ақын. Денсаулығына қарамастан, аз ғұмырында мол мұра қалдырған қаламгерлердің бірі. Бір өлеңінің өзі ел аузында әлі күнге дейін айтылып жүр. «Түркістанда тумақ түгілі, адамдар Түркістанда болған» деген бір шумағының өзі қаламыздың кіреберісіндегі қақпада қасқайып тұр. Осындай тұлғаларды дәріптеу, насихаттау жұмыстары жалғаса береді».


 Еске алу кешінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Бақтыбайұлы Әліпов құттықтау сөз сөйледі. Ақынның замандастары, әдебиет жанашырлары мен зиялы қауым өкілдері де естеліктерімен бөлісіп, оның шығармашылығы мен азаматтық болмысына тоқталды.


 ҚЫДЫРӘЛІ РЫСБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Түркістан қаласының топырағынан шыққан Өмірбай Сәуірбаев аталарыңыздың өмірбаянынан көп нәрсені көріп отырсыздар. Жақында қала әкімі: «Біз Түркістанның топырағынан шыққан тұлғаларды дәріптеуіміз керек», – деді. Өте керемет бастама. Соның бір айғағын бүгін көріп отырмыз. Құрметті жастар, Өмірбай Сәуірбаев арамызда жоқ. Бірақ ол кісінің кім болғанын, жан дүниесінің қандай болғанын бүгін танып-білдіңіздер».


Өмірбай Сәуірбаев 1946 жылы 17 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. Жыр әлеміне алғашқы қадамын 1964 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған өлеңдерімен бастады. Кейін «Сырымды айтам, достарым», «Ардағым», «Мен өмір сүремін» және «Ақ дидарын көргенде» атты жыр жинақтары жарық көрді. 1981 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Ақын 1997 жылы өмірден озды. Алайда шындықты ту еткен өршіл жырлары мен азаматтық үні туған елінің жадында сақталып, кейінгі ұрпаққа рухани аманат болып қалды.


Бөлісу