ҚАСЫМБЕК САРЫМБЕТОВТІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ
Домбыраның қос ішегінен төгілген күй – ұлттың үні, даланың шежіресі. Шымкенттегі Сайрам тұрғын алабының мәдениет үйінде күйші, сазгер Қасымбек Сарымбетовтің шығармашылығына арналған концерт өтті. Қызығы, өнер иесінің негізгі мамандығы – есепші. Алайда жүрек қалауымен домбыраға ден қойған ол осы уақытқа дейін жүзден астам ән мен елу сегіз күй шығарған. Шығармашылық кеште автордың туындылары орындалып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.
Экономист-бухгалтер мамандығын меңгерген Қасымбек Сарымбетов өнерден қол үзген емес. Күйші, сазгер, ақын ретінде танылған ол бүгінде «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Шығармаларында туған жердің табиғаты, қазақ даласының кеңдігі мен елдің азат рухы айрықша көрініс тапқан.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қасымбек ағамыз танымал күйші болмаса да, бірақ танымал күйшілердей күй шығарған. Өзі композитор. Күйлерінің барлығыеркін даламыздың, қазақ халқының еркіндігін, көшпенді халықтың дархан даланың жеріміздің, табиғатымыздың сұлулығын сипаттаған небір күйлері бар. Кәдімгідей бір кітап арнап жазды осы күйлерген. Ол кітаптың ішінде QR код бар. Сол арқылы смарт телефонмен кіретін болса сол күйлер орындалады. Кітаптан ыңдай бересіз.
Қасымбек Сарымбетовтің шығармашылық мұрасы да қомақты. Оның жүзден астам әні, елу сегіз күйі мен бірнеше музыкалық поэмасы бар. Авторлық туындылары жеке жинақ болып басылып, күйлері республикалық жинақтарға енген. Өнердегі жетістіктері «Қазақстанның Алтын кітабына» да тіркелген.
ҚАСЫМБЕК САРЫМБЕТОВ, КҮЙШІ, САЗГЕР
Шығармашылық кеште Қызғалдақ сарайының халық аспаптар оркестірі менің 4 күйімді орындайды. Одан басқа 7-8 ән орындалады менің әндерім. Менде қазір 58 дей күйім бар. Оның 56-сы менің кітабыма енді. Одан кейін менде 110 дай әнім бар. Республикалық конкурстардың 2 рет лауреаты болдым. Облыстық конкурстардың лауреатымын.
Кеште Қызғалдақ сарайының халық аспаптар оркестрі сазгердің төрт күйін орындады. Сонымен қатар автордың бірнеше әні шырқалды. Бүгінде оның «Туған елім – тұғырым», «Қыран», «Мәңгілік ел» атты күй жинақтары жарық көрген. Ал «Киіз басу – ақжелең», «Дәуір», «Шаттық» туындылары «Оңтүстіктің 100 күйі» антологиясына енген. «Бәйге» және «Сүгір Әли» күйлері облыстық филармонияның халық аспаптар оркестрінің репертуарынан орын алған. Өнер иесінің шығармашылығына арналған кеш ұлттық музыкаға деген құрметті арттырып, күй құдіретін тағы бір мәрте сезіндірді.