ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
«Металлург» стадионында «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері спорт саласының мамандарымен кездесті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтар түсіндіріліп, бұқаралық спортты дамыту және саладағы өзекті мәселелер сөз болды.
Кездесуде партия филиалының төрағасы Таймас Қамбатыров Жолдаудағы негізгі бағыттарға тоқталды. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, адами капиталды арттыру, жастарды қолдау және бұқаралық спортты өркендету мәселелерін тарқатып айтты. Сондай-ақ алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар мен басым міндеттерді түсіндірді.
ТАЙМАС ҚАМБАТЫРОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Президент Жолдауын жан-жақты түсіндірдік. Бұқаралық спортты дамыту мәселелері сөз болды. Келесі жылды қарқынды құрылыс жылы деп жариялады Мемлекет басшысы. Осы мәселеге де кеңінен тоқталдық.
Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі. Сондықтан спорт инфрақұрылымын жақсарту, нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелері де назардан тыс қалмады. Өз кезегінде спорт саласының өкілдері қордаланған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.
БАУЫРЖАН АЛТЫНБЕКОВ, ОЛИМПИАДА РЕЗЕРВІН ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Әділет» партиясы өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Өз ой-пікірлерімізді ортаға салып, пікір алмастық. Сүбелі сұхбат болды. Кейбір көкейкесті сауалдарға мардымды жауап алдық.
Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Қатысушылар Жолдауда айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда спорт саласының да жауапкершілігі зор екенін атап өтті.