Негізгі Жаңалықтар ҚОС ЕЛДІҢ КӘСІПОРЫН ӨКІЛДЕРІ БАС ҚОСТЫ

ҚОС ЕЛДІҢ КӘСІПОРЫН ӨКІЛДЕРІ БАС ҚОСТЫ

Орталық Азиядағы қос алып нарықтың экономикалық әлеуеті Шымкент төрінде тоғысты. Мегаполисте «Қазақстан – Өзбекстан: өнеркәсіптік кооперация, сауда және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» атты ауқымды бизнес-форум өтті. Бауырлас елдердің сауда-экономикалық байланысын жаңа деңгейге көтеруді көздеген алқалы жиынға Өзбекстаннан 120-дан астам кәсіпорын өкілдері арнайы келді. Кәсіпкерлер отандық бизнес-қауымдастықпен тікелей келіссөздер жүргізді.


Бұл басқосудың өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша. Себебі көршілес елден келген делегация құрамында нақты сектордың жетекші мамандары топтасқан. Олардың қатарында құрылыс индустриясы, тамақ және жеңіл тоқыма өнеркәсібі, агробизнес, машина жасау мен инжиниринг, сондай-ақ ақпараттық технология салаларының алпауыт компаниялары бар. Бұл – қос тараптың шикізат тасымалымен шектелмей, ортақ өндіріс орындарын іске қосуға ниетті екенін аңғартады. Мәселен, өзбекстандық «Rash milk» компаниясы нарықта жиырма жылдан бері жұмыс істеп келеді. Табиғи сүт өнімдерін өндірумен айналысатын ірі кәсіпорын Қазақстан нарығына шығып, экспорт көлемін арттыруды көздеп отыр.


ДИЛШОДБЕК МАХМУДОВ, КӘСІПКЕР
Біздің кәсіпорын табиғи құрамымен ерекшеленеді. 100-ге жуық сүт өнімдерін шығарамыз. Нарықта жиырма жылдан бері жұмыс істейміз.Осыған дейін ел ішінде тауарларымызды өткізіп келдік.Енді экспортты арттырып, Қазақстан нарығына шығуды жоспарлап отырмыз.


Форум аясында Қазақстан мен Өзбекстанның инвестициялық әлеуеті мен өндірістік қуаты таныстырылды. Екіжақты кездесулерде кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері нақты жобаларды пысықтап, өзара тиімді келісімшарттардың іргетасын қалады.


НҰРСҰЛТАН СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шымкентте қазір нақты үш жоба жүзеге асқан. Өзбекстан елі біздің қалаға шекаралас аймақ. Географиялық жағынан да, сауда-саттық жағынан да. Алдағы уақытта бірге келіссөздер жүргізіп, нақты жобаларды жүзеге асырамыз деген ойдамын.


 АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Шымкенттің тоғыз жолдың торабындағы тиімді логистикалық әлеуеті мен Өзбекстанның өндірістік мүмкіндіктерінің бірігуі – елде жаңа жұмыс орындарын ашып, шекаралас аймақтардың тауар айналымын еселей түседі. Мегаполисте өткен іскерлік алаң қос мемлекеттің ортақ инвестициялық әлеуетін арттырмақ.


Бөлісу