БАЛАЛАР ӨНЕР БАЙҚАУЫНДА БАҚ СЫНАДЫ
Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында Шымкентте балалар өнер байқауы ұйымдастырылды. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті сіңіріп, рухани құндылықтарды дәріптеуді көздеген өнер додасына дарынды жастар қатысты.
Жас таланттардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды кеңінен дәріптеуді мақсат еткен мұндай ауқымды жоба шаһарда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Соған қарамастан, өнер додасына бақ сынауға келген үміткерлер мен жиналған көрерменнің қарасы қалың.
АЙЖАН ТӨЛЕГЕН, ТОП ЖЕТЕКШІСІ
Біз Шапырашты мәдениет үйінен келдік.Біздегі қыздар 5-6 жастағы қыздар.Бүгін алғаш сахнаға шығуымыз.Ата-аналардың қолдауы мен балалардың алға деген ұмтылысы жоғары.
Байқау барысында жас таланттар өз қабілеттерін үш негізгі бағыт бойынша паш етті. Атап айтқанда, «Дәстүрім – дара жолым» вокалдық аталымында өнерпаздар халық әндері мен патриоттық шығармаларды әуелете шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал «Күй – домбыра» номинациясында жас күйшілер қазақ халқының ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұрасын нақышына келтіре орындап, күмбірлеген күймен залды тербеді. «Би – өнердің бейнесі» кезеңінде бүлдіршіндер ұлттық нақыштағы мазмұнды қойылымдарымен көпшілікті тәнті етті.
АБЫЛАЙХАН ОСПАНОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ
Балалар мақтасаң – қуанады, даттасаң – жылап қалады.Сондықтан біз өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай етіп, әділ шешім шығаруымыз керек.
МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Енді жиі өткізіп тұрамыз. Әр ай сайын мәдениет басқармасы, әкімдікпен бірлесіп, осындай шығармашылық байқауларды ұйымдастырамыз.Мұнда балаларға мемлекет тарапынан қолдау мен бағыт-бағдар беріледі.
Ал қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігін, сахналық мәдениетін, киім үлгісі мен әртістік қабілетін он балдық жүйе бойынша саралап, үздіктерді анықтады.
ЖАНДОС ҚҰЛЫМБЕТОВ, САЗ КОЛЛЕДЖІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Балалардың сахналық мәдениеті, кіріп-шығуы, орындайтын күйінің мазмұнын аша білуі.Осы талаптар бойынша бағалаймыз.
Тартысты өткен өнер бәсекесінің қорытындысы бойынша топ жарған жеңімпаздар «Бас жүлде» және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, айрықша көзге түскен жас өнерпаздарға арнайы номинациялар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.