СПОРТШЫЛАР 32 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ
17 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль! Түркістандық спортшылар Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен қол күресінен 47-ші әлем чемпионатында осындай нәтижеге қол жеткізді. Өңір әкімі Нұралхан Көшеров дүбірлі додада топ жарған спортшылармен кездесіп, үздіктерді марапаттады.
Әлем чемпионатына 67 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен Түркістан облысының 32 спортшысы 32 медаль жеңіп алды. Оның 17-сі – алтын, 6-ы – күміс, 9-ы – қола. Салтанатты жиында алтын жүлдегерлерге облыс әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сертификаттар табысталды. Ал екі спортшыға пәтер кілті берілді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Спортшыларға қолдау көрсету бағытында жұмыс істеп келе жатырмыз. Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жеңістеріңіз тағы да құтты болсын! Қазақстанның абыройын асқақтатып, еліміздің көк байрағын биікте желбірете беріңіздер!
Түркістандық спортшылар арасында әлемдік аренада талай мәрте топ жарған саңлақтар бар. 85 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрдәулет Айдархан осымен 13-рет әлем чемпионы атанды. Ал 55 келіде белдескен Ердәулет Нұрмахан алтын медаль иеленіп, әлемнің алты дүркін чемпионы атанды. 60 келі салмақта Нұрсұлтан Алдан екінші мәрте әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
НҰРДӘУЛЕТ АЙДАРХАН, ҚОЛ КҮРЕСІНЕН 13 ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
Командалық есеппен Қазақстан құрамасы бірінші орын болдық. Қарсыластар өте мықты болды. Облыс әкіміне алғыс білдіремін Еңбегімізді ескеріп жатыр.
Жеңіс тұғырынан қыздар да көрінді. 65 келі салмақта сынға түскен Ұлболсын Елмұрат қарсыластарынан басым түсіп, екінші рет әлем чемпионы атанды.
ҰЛБОЛСЫН ЕЛМҰРАТ, ҚОЛ КҮРЕСІНЕН 2 ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ
65 келі салмақта күрестім Ақтық сында түрік палуанымен күрестім жеңдім.
Әлемдік додада ел мерейін асырған спортшылардың дені Шардара ауданындағы «Шардара Армспорт» клубында жаттығады. 2001 жылы Арман Қарсыбаевтың бастамасымен құрылған спорт мектебі ширек ғасырдан бері талай чемпионды тәрбиелеп келеді. Осы уақыт аралығында клубтан шыққан 150-ге жуық спортшы әлем чемпионы атанған.