ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫН ЖАРНАМАЛАҒАНДАР ЖАЗАЛАНАДЫ
Әлеуметтік желідегі оқырманын күмәнді қаржы жобаларына үгіттеген блогерлер қылмыстық жауапқа тартылуы ықтимал. Экономикалық тергеп-тексеру өкілдерінің мәліметінше, қаржы пирамидасын жарнамалау заңмен қудаланады.
Егер танымал парақша иелері жұртты алаяқтық сипаттағы жобаларға ақша салуға шақырса, олардың іс-әрекеті қылмысқа қатысу деп танылуы мүмкін. Қылмыстық кодекстің 217-1-бабы бойынша мұндай заңсыз әрекетке барғандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Мамандар халықты әлеуметтік желідегі жеңіл табыс туралы қауесетке сенбей, кез келген қаржылық ұсынысты мұқият тексеруге шақырады.