ШЫМКЕНТТІҢ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Шымкенттің шеткі аумақтарында жаңғырту жұмыстары биыл да қарқынды жүргізілді. Қаратау және Абай аудандарына қарасты аумақтарда бірқатар электр жүйелері жаңартылды. Су жаңа трансформаторлар орнатылып, ескі желілер жаңасына ауыстырылды. Бұл жұмыстар электрмен жабдықтау сапасын жақсартып, тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтуға бағытталған.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Шымкент қалалық электр жүйелері мекемесінің мамандары жыл басынан бері ұзындығы 200 шақырымнан астам тозығы жеткен әуе желісін ауыстырып шықты. Бұған қоса, қосалқы станциялардың да алып трансформаторлары жаңаланды.
ҚАЗЫБЕК АХМЕТБЕКҰЛЫ, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» ЖШС ҚАЛАЛЫҚ ЭЛЕКТР ТАРАТУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІ-ИНЖЕНЕРІ
2026 жылға игеруге жоспарланған қаражатымыз 2 млрд 601 млн теңгені құрайды. Оның ішінде инвестициялық бағдарламалар бойынша 2 млрд 471 млн теңге, ал жұмыстарды атқаруға 130 млн теңге бөлінді. 2026 жылдың жылыту маусымына дейін жұмыстарымыз 100 пайыз толық аяқталды. Оның ішінде тозығы жеткен әуе желілерінің 253 шақырымы өзгертілді. Атап айтсақ, Сайрам тұрғын алабындағы 110 кВ «Сайрам» қосалқы станциясында №2 қосалқы трансформаторымыздың қуаты 10 мыңнан 25 мыңға дейін өзгертілді.
Жаңғырту жұмыстары барысында Абай және Қаратау аудандары аумағында қуаттылығы 150 мен 400 киловольт амперге арттырылған су жаңа трансформаторлар орнатылды. Елді мекендердегі халықтың тығыз қоныстануына байланысты бірқатар аумақтарда қосалқы трансформаторлық қондырғылар да қойылған. Аталған аумақтарда ұзындығы 6 шақырымнан асатын заманауи СИП желісі тартылған. Бұдан бөлек, ұзындығы 45 шақырымды құрайтын 10 киловольттық электр желісі халықтың игілігіне пайдалануға берілді.
НҰРҒАЛИ АХМЕТОВ, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» ЖШС ҚАЛА МАҢЫ ЭЛЕКТР ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ БАС ИНЖЕНЕРІ
Тассай және Қызылсай шағын аудандарында Қаратау ауданына қарасты тұрғындар санының артуына, тұтынушылардың көбеюіне байланысты «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің жаңғырту бағдарламасы бойынша жоғары және төмен кернеулі әуе желілері ауыстырылған болатын. Тұтынушыларды сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету және бағаналардың ескіруіне байланысты жаңа бағаналар орнатылып жатыр. Сонымен қатар, қысқы және жазғы жағдайларды ескере отырып, электр желілерін кабельдік желіге ауыстырып жатқан жайымыз бар.
Атқарылған ауқымды жұмыстардың шапағатын тұрғындар бірден байқаған. Үйіндегі жарығы жарқыраған жұрт бұған дейінгі қиындықтар артта қалғанын айтады. Олар «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы мен қала әкіміне ризашылығын білдірді.
ОЛЬГА МОРОЗОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Электр жарығының сапасы едәуір жақсарды. Бұрынғы ағаш бағаналар бетон тіректерге ауыстырылып, жаңа электр желілері тартылды. Соның нәтижесінде жарықтың жиі сөнуі тоқтап, кернеу тұрақталды. Тұрмыстық техникаларға да ауыртпалық түсіп жатқан жоқ. Сонымен қатар, көшелерге жарық шамдары орнатылды. Бұрын біздің көшеміз тұйықта болғандықтан, бізге келетін электр энергиясының күші әлсіз болатын. Қазір көшеміз де жарық, электрмен қамту сапасы да көңіл қуантады.
Электр желілерінің жаңаруы – тек техникалық көрсеткіш емес, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзгеріс. Ең бастысы, атқарылған жұмыстың нәтижесі халықтың тұрмысынан көрініс тауып отыр. Ал қаланың энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.