Негізгі Жаңалықтар ЕЛДІҢ ҮЗДІК ТЕРМЕШІЛЕРІ ШЫМКЕНТТЕ БАҚ СЫНАСТЫ

ЕЛДІҢ ҮЗДІК ТЕРМЕШІЛЕРІ ШЫМКЕНТТЕ БАҚ СЫНАСТЫ

Шымкентте ұлттық өнердің үні жаңғырды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «СӨЗ МАРЖАНЫ – ТЕРМЕДЕ» республикалық термешілер байқауы ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздар жыр додасында бақ сынап, шеберліктерін ортаға салды.


 Сахна төрінде оңтүстік өңірдің әйгілі ақын-жырауларының мұрасы жаңғырды. Майлықожа, Құлыншақ, Қайыпназар, Молда Мұса, Қызыл жырау, Қасқыр ақын, Құтай ақын сынды сөз зергерлерінің термелері орындалды. Ғасырлардан жеткен тағылымды толғаулар көрерменге рухани азық сыйлады.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Оңтүстік өңірі қазыналы өңір. Мұқтар Әуезов кезінде «Шаянға барсаң әншімін деме Созаққа барсаң күйшімін деме» дегізген өңір. Бұл өңірде Майлықожа атамыз бастаған қаншама ақын жырау термешілеріміз өткен.


Бұл байқауда қазылар алқасы тек бағалаушы рөлінде қалған жоқ. Өнер майталмандарының өздері де сахнаға шығып, терме орындады. Осылайша, аға буынның асыл мұрасы жас ұрпаққа өнеге болып, жыраулық дәстүрдің сабақтастығы айқын көрінді.


ЕРБОЛАТ ШАЛДЫБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
 Бірінші туры онлайн түрде өткен. Екінші тур айналымда өтіп жатыр. Орындаушылар сахынада екі термеден орындайды. Бір терме міндетті түрде оңтүстік өңірдің термесі болады. Сол арқылы баға беріледі.


 ГҮЛШАТ ЖАҚАНҚЫЗЫ, «ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ӨКІЛІ
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан бұл байқау екінші рет өтіп жатыр. Бұған дейін «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында кіші деңгейде ұйымдастырылып келген.


Өнер бәйгесіне 18 бен 40 жас аралығындағы кәсіби термешілер қатысты. Республикалық маңызы бар қалалар мен еліміздің барлық облысынан келген үміткерлер арасынан іріктелген 13 өнерпаз ақтық кезеңде бақ сынады. Қатысушыларға арнайы шығармалар бекітіліп, әрқайсысы өзіне жүктелген термені орындады.


 БЕКАРЫС КӨШТАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ТЕРМЕШІСІ
Іріктеуден өткен 13 қатысушыға арнайы тапсырмалар берілді. Бірін бірі қайталамас үшін нақты осы термені орындайсыңдар деген талап болды.


Терме - ұлттың танымы мен тағылымын ұрпаққа жеткізген асыл мұра. Онда ел тарихы, өмір тәжірибесі, адамгершілік пен ізгілік қағидалары көрініс тапқан. Сондықтан мұндай өнер додалары дәстүрлі жырдың тамырын тереңдетіп қана қоймай, оның келешекке жалғасуына жол ашады.


Бөлісу