Негізгі Жаңалықтар ШАРДАРАДА ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

ШАРДАРАДА ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауыты іске қосылды. Кәсіпорын крахмал, сірне және басқа да өнім түрлерін өндіреді. Өндіріс орнының ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.

 «Казкрахмал» – Қазақстан мен Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдеуге бағытталған ірі өндіріс орындарының бірі. Құны 35 миллиард теңге болатын жобаның құрылысы 2023 жылдың сәуірінде басталған. Үш жылға жуық уақытта бой көтерген кәсіпорын жылына 150 мың тонна жүгері өңдеуге қауқарлы. Мұнда 500 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Өндірістік қуаттылық толық іске қосылғанда 94,5 мың тонна крахмал, 7,5 мың тонна глютен, 36 мың тонна жүгері сечкасы және 12 мың тонна жүгері ұрығы өндірілмек.

Кәсіпорын крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза шәрбаты, жүгері майы, кебек және түйіршіктелген құрамажемді қоса алғанда, 20-дан астам өнім түрін шығарады. Өндіріс процесінің 80 пайызы автоматтандырылған. Ал қалдықсыз өңдеу технологиясы шикізатты барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Зауыт өнімдері ішкі нарыққа жеткізіліп, Азия мен Еуропа елдеріне экспортталады. Келешекте жылдық өңдеу қуатын 300 мың тоннаға дейін ұлғайтып, серіктестер санын 100-ден асыру жоспарланып отыр.

 Жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын маңызды қадам. Жүгеріні терең өңдеу арқылы тамақ өнеркәсібі мен фармацевтика саласына қажетті шикізат отандық өндірістен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдеріне қосымша құн қосылып, дайын өнім экспортының көлемін арттыруға мүмкіндік туады.

Бөлісу