Негізгі Жаңалықтар ЗАУЫТТАР АУАҒА ЗИЯНДЫ ЗАТ ТАРАТА МА?

ЗАУЫТТАР АУАҒА ЗИЯНДЫ ЗАТ ТАРАТА МА?

Шымкенттегі өндіріс орындары атмосфералық ауаны қаншалықты ластап отыр? Өнеркәсіптік нысандардан шығатын түтіннің құрамында зиянды заттар бар ма? Осы сұрақтарға жауап іздеген арнайы жұмыс тобы бірнеше зауытты аралап, ауа құрамынан сынама алды. Зертханалық тексерістің алғашқы нәтижесі қандай?


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
«Қазақстан ештеңе өндірмейді, барлығын шетелден сатып алады деп ойлап жүрген болсаңыз, қателестіңіз. Мына тау-тау болып үйілген темір қалдықтарды зауытқа тұрғындар алып келіп өткізген. Өндіріс ошағы жылына осындай 30-35 мың тонна металды балқытып, нарыққа дайын өнім шығарады».

Қазандықтар мұнда бір сәт те тоқтамайды. Күніне бірнеше тонна темір балқытатын өндіріс ошағынан бу мен түтін көтеріледі. Оның құрамында қоршаған ортаға зиянды заттар бар-жоғын мамандар арнайы құрылғылармен тексерді. Ауа құрамынан бірнеше көрсеткіш бойынша сынама алынды.


ДИАС ТАСТАН, KAZ ECO HOLDING САРАПШЫСЫ
– «Көміртек, азот оксиді, озот диоксиді, шаң сынамаларын алдық. Осы бес көрсеткіш негізінде ешқандай шекті мөлшерден асу дерегін байқаған жоқпыз.»


Кәсіпорын өкілдері экологиялық талаптардың сақталатынын айтады. Өндірістен шығатын түтінді тазартуға арнайы сүзгілер орнатылған. Олардың сөзінше, жүйе зиянды қалдықтардың атмосфераға таралуын тежейді.


 БАУЫРЖАН ӘШІМОВ, ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ ӨКІЛІ
 – «Қалдықтарға біз өте сақ қараймыз. Арнайы филтрлер орнатқанбыз. Талапқа сай.»  «Ауаға зиянды түтін шығармаймыз.»


Келесі нысан – медициналық қалдықтарды өртеп, залалсыздандыратын кәсіпорын. Мұнда да өндіріс барысында түтін бөлінеді. Оның құрамын мамандар арнайы құрылғы арқылы тексеріп, ауа сынамаларын зерттеді.


АБЫЛАЙХАН МҰХТАРБЕК, KAZ ECO HOLDING САРАПШЫСЫ
 – «Жалпы норма бойынша шекті мөлшерден асу дерегін байқамадық. Толық қорытынды хаттамаға енгізіледі.»


Қазгидрометтің дерегінше, Шымкентте атмосфералық ауаның ластану деңгейі көтеріңкі. Бұған көлік саны мен өндіріс орындарының көбеюі әсер етіп отыр. Ал жыл басынан бері экология департаменті 40-қа жуық өндіріс орнын тексерген. Нәтижесінде экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындарға 450 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.


САПАР ТҰРСЫНБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
– «Биыл біздің тарапымыздан тексеріс жүргізілді. Мекемеге заңбұзушылықтарды жою бойынша нұсқама берілді. Оның орындалуын жыл соңында қайта тексереміз.»


Мамандар екі өндіріс орнында жүргізілген өлшеу нәтижесінде зиянды заттардың шекті мөлшерден асқанын анықтаған жоқ. Дегенмен экологиялық бақылау мұнымен тоқтамайды. Арнайы жұмыс тобы өзге де кәсіпорындарды бекітілген кесте бойынша тексеруді жалғастырады.

Бөлісу