ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ ТУРАЛЫ ЖАҢА КІТАП
Тарихи тұлғаның тағылымды жолы - жаңа кітапқа арқау. Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібеков» атты еңбегі таныстырылды. Кітапта мемлекет және қоғам қайраткерінің елдік мүдде жолындағы қызметі, ұлттық мәдениетті өркендетуге қосқан үлесі мен азаматтық болмысы кеңінен қамтылған.
Ұлт мұрасын ұлықтап, ұмыт қалған құндылықтарды қайта жаңғыртуға күш салған Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Автор тарихи тұлғаның қайраткерлік қырын ғана емес, елге қызмет етудегі ұстанымы мен адамдық болмысын да ашуға тырысқан.
ҚҰЛБЕК ЕРГӨБЕК, ЖАЗУШЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Өзбекәлі Жәнібековті бұл кітап толық таныта қояды деп ойламаймын. Алда Өзбекәлі Жәнібеков жайында мен жазармын. Сендер жазарсыңдар, басқалар жазар. Тақырыпты шектеу жоқ. Өзбекәлі Жәнібеков әлі әрқырынан ашылатын шын мәнінде көркем образды ретінде тұлғаланатын келешегі кемел тақырып.
Бұл - Құлбек Ергөбектің Өзбекәлі Жәнібековке арнаған бесінші кітабы. Жаңа туындыда бұған дейін көпшілікке беймәлім болған деректер де қамтылған. Автордың айтуынша, қайраткердің өмірі мен қызметі әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Оның тұлғалық болмысы мен ел алдындағы еңбегі талай зерттеуге арқау болары анық.
ГҮЛДАРИҒА ТАУТАЕВА, ТАРИХ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ
Ал енді Құлбек Ергөбек ағамыздың кешегі жарық көрген «Өзбекәлі Жәнібеков” деп аталатын кітабының өзі осы біздің білімгерлерге арналғандай. Өйткені: ол кітаптың басында бүгінгі күннің Өзбекәлісі боларсың ба деген үмітпен осы еңбекті сенің қанжығаңа байладым деп жастарға үндеу тастап тұр.
Кітаптың әр бетінде ұлтқа қызмет етудің үлгісі, тарихи жады мен рухани сабақтастық көрініс тапқан. Бұл еңбек - Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі өмірін бүгінгі ұрпаққа танытып, қайраткер мұрасын келешекке жеткізетін құнды дүние.