АВТОЛИЗИНГ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Енді қазақстандықтар темір тұлпарды толық құнын бірден төлемей-ақ, лизинг арқылы рәсімдей алады. Елде жеке тұлғаларға арналған автолизинг жүйесі іске қосылды. Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі бұл тетік дәстүрлі автонесие мен бөліп төлеуге балама ретінде ұсынылып отырғанын мәлімдеді.
Өткен айдан бастап жаңа шекті мөлшерлемелер де күшіне енді. Оған сәйкес, құны 20 миллион теңгеге дейінгі көліктер үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 36 пайыздан аспауы тиіс, одан қымбат автомобильдерге 46 пайыздық шектеу қойылған. Ал банктік лизинг бойынша ең жоғары мөлшерлеме 35 пайызды құрап отыр. Айта кетерлігі, бұл – тек рұқсат етілген ең жоғары шекті көрсеткіштер. Бастапқы жарна көлемін, ай сайынғы төлем мен келісімшарт мерзімін лизингтік компания өз бетінше белгілейді.