50 МЫҢ БАС МАЛҒА АРНАЛҒАН КЕШЕН АШЫЛДЫ
Түркістан облысында бір мезетте 50 мың бас ірі қара мал бордақылауға арналған кешен іске қосылды. Орталық Азиядағы ең ірі өндіріс орнының ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Ауқымды жоба «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» серіктестігінің бастамасымен жүзеге асқан. Кешен жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауға қауқарлы. Мұнда жемшөп дақылдарын өсіруден бастап, малды бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылған.
СЫРЫМ ЕРТАЕВ, КӘСІПКЕР
Мал бордақылайтын кешеніміздің жанында 5 мың гектардан астам жеріміз бар. 1.5 мың гектарын жаңбырлатып суғару жүйесіне қосып жатырмыз. Осы малдың жем шөбін сол алқапта өсіреміз.
Өндіріс орны жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді. Компаниялар тобының құрамында қуаттылығы 7,2 мың тонналық ет өңдеу кәсіпорны мен жылына 46 мың тонна құрамажем шығаратын зауыт та бар. Осылайша, жаңа кешен мал шаруашылығының бірнеше бағытын бір өндірістік жүйеге біріктіреді.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ
Мал шаруашылығы дамымай ауылшаруашылығы ешқашан дамымайды. Бұл орталық азиядағы ең ірі мал бордақылау алаңы. Екі жыл бұрын өзім бастап барып Аустралияның бүкіл мал шаруашылығы тәжірибесімен танысып қайтқан болатынбыз.
Кешен құрылысында Аустралияның мал шаруашылығындағы озық технологиялары қолданылған. 2024 жылдан бері Қазақстанда осы елдің етті мал шаруашылығын дамыту тәжірибесінің жекелеген элементтері енгізіліп келеді. Бұл тәсіл мал өнімділігін арттыруға, өндіріс шығындарын азайтуға және заманауи бордақылау инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.