ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫСЫНЫҢ ШЫҒАРМАСЫ ШЕТЕЛДЕ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Қазақ әдебиеті мұхит асып, әлемдік оқырманға жол тартты. Шымкенттік жас жазушы Сүндет Сейітовтің шығармалары АҚШ пен Аустралияның кітапхана қорынан орын алды. Халықаралық деңгейде жетістікке жеткен қаламгер бүгін Жұмабек Тәшенев университетінің студенттерімен кездесіп, шығармашылық жолы жайлы ой бөлісті.
Қазақ әдебиетінің шекарасы кеңейді. Жақында шымкенттік жас ақын, жазушы Сүндет Сейітовтің туындылары АҚШ пен Аустралияның бірқатар беделді кітапханаларының қорына қабылданды. Жеке бастамасы мен табанды еңбегінің арқасында халықаралық деңгейде танылып келе жатқан қаламгердің бұл жетістігі бір күнде жүзеге асқан жоқ. Ол үш жүзден астам ресми хат жолдап, шетелдік баспалармен байланыс орнатқан. Нәтижесінде ағылшын тіліне аударылған «Ұмытпас» атты философиялық жырлар жинағы мен «Дрон шоу» шығармасы АҚШ-тың 31 штаты мен Вашингтонның 198 кітапхана жүйесінің электронды каталогына енгізілді.
СҮНДЕТ СЕЙІТОВ, АҚЫН, ЖАЗУШЫ
Бұл–ұзақ процесс.Біраз уақыт алды. Ерінбей, шетелдік баспаларға 300-дей хат жаздым.Сосын Американың бір штатынан хат келді. Кітаптарымды жіберуді сұрады.Тақырыптар ұнаған болуы керек,кейін өзара келісімшартқа отырып, шығармаларым ағылшын тіліне аударылды.
Тағылымды кездесуге келгендердің қатары қалың. Басқосуда студенттер қаламгердің шығармаларын жатқа оқып, санасында жүрген сауалдарға жауап алды.
МЕЛЕК АЛИЕВА, Ж.ТӘШЕНЕВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТТІҢ СТУДЕНТІ
Бүгінгі кездесудің арқасында менің кітап оқуға деген қызығушылығым артты.Кездесуден бұрын Сүндет Сейітовтың бірқатар шығармаларын оқып шықтым. Әсіресе, психологиялық әрі қоғамдағы маңызды тақырыптарды қамтыған повестері ұнады.
Сүндет Сейітов – АҚШ-тың Авторлар гильдиясына қабылданған алғашқы қазақстандық жазушы. Қазақ әдебиетінің өрісін кеңейтіп, ұлттық сөз өнерін халықаралық деңгейде танытқан қаламгер туындыларын Еуропа елдерінің оқырмандарына ұсынуды жоспарлап жүр.