Негізгі Жаңалықтар 70 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

70 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Шымкентте 70 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана Асар-2, Бозарық, Тұран шағынаудандары мен 189-орамнан берілді. Қоныс тойын тойлаған тұрғындардың қуанышына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те ортақтасып, пәтер кілттерін табыстады.

Он жылдық күту аяқталды. Кезекте тұрғанына қанша уақыт өтсе де, үмітін үзбеген азаматтар бүгін өз шаңырағына қол жеткізді. Бірі көпбалалы ана, енді бірі екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырған жан. Енді олардың да өз үйі, өз төрі бар.

БАЛЖАН ШАЛТҰРСЫНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 2016 жылы 5 наурыз күні көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тұрғанмын. 8 мыңыншы санды кезекте. Мінекей он жыл дегенде өз пәтеріме қол жеткізіп отырмын. Шымкент қаласының әкімі Сыздықбеков мырзаға алғысым шексіз. Мемлекеттен қолдау көрдім бүгін.

ЖАДЫРА РЫСҚҰЛБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Осы үйді он жыл армандадық. Қуанышымызда шек жоқ. Рахмет қала әкіміне. Мен толық емес отбасымен алдым. Күйеуім қайтыс болған. Одан кейін екі баламен. Екі бөлмелі квартира алдым Бозарық шағынауданынан. Ұнады, 5-ші қабатта, жылы, кең, таза. Рахмет сіздерге көп-көп.

 Жаңа баспаналар сатып алу құқығымен жалға берілді. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға арналған пәтерлер бастапқы жарнасыз ұсынылады. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар және толық емес отбасылар бар. Жалға алу мерзімі аяқталған соң тұрғындар баспананы өз меншігіне рәсімдей алады.

 КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Кезекті пәтер кілттері табысталды. 70 азаматқа табысталды. Ол жалдамалы сатып алу құқығымен берілген пәтерлер болып табылады. Пәтерлеріміз Асар-2, Бозарық, Тұран-2, 189 орамда орналасқан пәтерлер болып табылады. Барлығы коммуникациялармен жабдықталған, таза әрлеудегі, қоныстануға дайын пәтерлер.

Шымкентте баспана кезегінде 98 мыңнан астам азамат тұр. Биыл қалада 9864 пәтердің кілтін табыстау жоспарланған. Жыл басынан бері оның 4300-і иесін тауып, отбасылар қоныс тойын тойлады.


Бөлісу