Негізгі Жаңалықтар ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ЖОЛДАУДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ЖОЛДАУДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, шағын бизнесті қолдау және өңірлік өндірісті өркендету. Шымкентте «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен іскер әйелдер бас қосты. Кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы экономикалық бастамалар мен оларды өңірде жүзеге асыру жолдары сөз болды.

Кәсіпкер әйелдер мен қоғам белсенділері, мемлекеттік орган өкілдері бір алаңда пікір алмасты. Әсіресе салық реформасы, жеңілдетілген несие тетіктері, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.

ТАЙМАС ҚАМБАТЫРОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бүгінгі таңда әйелдер өзінің кәсіби біліктілігімен, іскерлігімен және көшбасшылық қабілетімен қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етуде. Президент әйелдер мен жастардың ел басқару ісіне белсенді араласуына мүмкіндік беретін 30 пайыздық квотаны заңнамалық тұрғыда бекітуі қажет екенін көтерді. Мемлекет басшысының бұл бастамалары әйелдердің көшбасшылық қабілетін дамытуға, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесін күшейтуге бағытталған.

Шымкентте кәсіпкерлік нысандарының 40 пайызы әйелдердің үлесінде. Олар қызмет көрсету, білім беру, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында белсенді. Әсіресе көпбалалы аналар арасынан өз кәсібін ашып, өзгелерге үлгі болып жүрген іскер әйелдер аз емес.

 БАЯН АЙТБЕКҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Бірінші бізге Президент келгенде ол кісі таңғалған болатын. Шымкентте бізде 40 пайыз әйелдер кәсіпкер. Ол кісі риза болған. Бізде Шымкенттің қуаттылығы ол көпбалалы аналар. Көпбалалы аналар арасында көп кәсіпкер әйелдер бар. Осындай біздің аналарымыз, көшбасшы әйелдеріміз экономикаға үлестерін қосып, бірінші өз отбасына жолдасының қасында себепкер болып, көмекші болып сондай жерде көшбасшы кәсіпкер әйел болған жерде отбасында береке болады.

Кездесу ашық пікір алмасу алаңына айналды. Кәсіпкерлер бизнес жүргізудегі түйткілдерді көтеріп, оны шешуге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру, цифрлық сауаттылықты арттыру және жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мәселелері де назардан тыс қалмады. Іскер әйелдер Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға дайын.


Бөлісу