ДӘРІ-ДӘРМЕКТІ ЗАҢСЫЗ САТАТЫНДАРҒА ЖАЗА КҮШЕЙДІ
Елде дәрі-дәрмекті сату тәртібі қатаң қадағаланады. Дегенмен, бүгінде дәрігердің рецептінсіз дәрі өткізу деректері әлі де тіркеліп отыр. Биыл жыл басынан бері осындай заңбұзушылықтарға қатысты 38 хаттама толтырылып, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 8,2 миллион теңгеден асты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері жүргізген тексерулер кезінде анықталған бұл деректер көрсеткіштің өскенін көрсетеді.Мәселен, 2023 жылы рецептсіз дәрі сату бойынша 26 хаттама толтырылса, 2024 жылы 45 дерек тіркелген. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 59 хаттаманы құрады. Мамандардың айтуынша, антибиотиктерді дәрігердің бақылауынсыз тұтыну ағзаға кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Заң талаптарын бұзып, рецептсіз дәрі сатқандар айыппұл арқалайды.