КӨНЕ ҚАЗАҚ ДӘСТҮРІ ДӘРІПТЕЛГЕН КӨРМЕ
Тарихы 120 жылға жуықтайтын көне кілемдерді тамашалап, қазақтың байырғы қолөнерімен танысқыңыз келе ме? Ендеше Orbid Auto кеңістігінде орналасқан SHE RUG көрмесіне келіңіз. Мұнда 10 шебердің 50-ге жуық туындысы көпшілік назарына ұсынылған. Олардың қатарында гобелен өнерінің үздік үлгілері мен бейнеинсталляциялар да бар. Көрме 12 желтоқсанға дейін жалғасады.
Көрменің басты ерекшелігі – заманауи өнер мен ұлттық мұраны сабақтастыра отырып, ұмыт бола бастаған дәстүрді жаңғырту. Экспозицияға оңтүстік өңірдің ауыл-аймақтарынан келген шеберлердің туындылары қойылған. Олардың әрқайсысы – терең тарих пен тағылымға толы еңбек. Мұндағы киіз кілемдер – көненің көзіндей сақталған асыл мұра. Олар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдени болмысынан сыр шертеді.
САНДУҒАШ БЕЙСЕНБЕКОВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
– «Тоқсаныншы жылдары шекара ашылады. Шетелдік кілемдер қаптай бастайды. Сол кездегі шебер әйелдер өздерін керексіз сезіне бастайды. Қазір 30 жыл өтті. Әжелеріміз 60-70-ке келді. Олар сақшылар. Дәстүрлі өнерді қорғап келе жатқан. Егер біз бұл өнерді алып қалмасақ жоғалтып аламыз. Сондықтан да осы жобаны іске асырып отырмыз.»
Көрмеге туындыларын ұсынған он шебердің бірі – Жаңагүл Бекболатова. Ол галереяға өзі тоқыған кілемдер мен тоқыма бұйымдарын әкелген. Шебердің айтуынша, әр туындының өзіндік тарихы, айтары мен тағылымы бар. Мұндай көрмелер ұлттық қолөнердің өміршеңдігін сақтауға мүмкіндік береді.
ЖАҢАГҮЛ БЕКБОЛАТОВА, ШЕБЕР
– «Қолөнерлеріміз жойылып кетпеуі үшін жиі-жиі осындай көрмелер өтіп отыруы керек.» «Түкті кілемдерден тоқып әкеліп отырмын.»
Көрме қонақтары шеберлердің қолынан шыққан бірегей туындыларға қызығушылық танытып, ұлттық өнердің қыр-сырымен танысты. Экспозицияда адам болмысы, мәдени бірегейлік, тарихи жады мен әйелдер тәжірибесі көркемдік тәсілдер арқылы бейнеленген. Айта кетейік, бұған дейін Астанада көпшілік назарына ұсынылған көрме алдағы уақытта Қазақстанның өзге қалаларында да жалғасын таппақ.