БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕКТІҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ МЕДИА-БАЙҚАУ
Қазақ журналистикасының көрнекті өкілі Байдулла Қонысбектің 85 жылдығына орай облыстық медиа-байқау жарияланды. Шығармашылық додаға Ontustik телеарнасы мен Қазақстан журналистер одағының қалалық филиалы мұрындық болып отыр. Байқау журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдап, ұлттық журналистика мұрасын дәріптеуге бағытталған.
Байқауға Түркістан облысы мен Шымкент қаласының кәсіби журналистері, тәуелсіз фрилансерлер және жоғары оқу орындарының журналистика мамандығында білім алатын студенттері қатыса алады. Шығармашылық жұмыстар үш бағытты қамтиды. Олар – Байдулла Қонысбектің өмірі мен шығармашылығы, қазақ журналистикасының бүгіні мен болашағы және «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы. Үміткерлердің еңбектері үш номинация бойынша сараланады: «Үздік баспасөз материалы», «Үздік телевизиялық материал» және «Үздік интернет/радио-жарияланым». Байқауға 2026 жылғы 5 қаңтар мен 5 желтоқсан аралығында республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, эфирге шыққан немесе ресми интернет-ресурстарда жарық көрген материалдар қабылданады. Өтінімдер мен шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру алқасына 2026 жылғы 5 желтоқсан, сағат 18:00-ге дейін жолдау қажет.