«SHYMKENT AI FORUM – 2026»
Жаңа технология – жасампаз жастардың қолында. Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне орай Шымкенттегі «Көрме» орталығында «Shymkent AI Forum – 2026» өңірлік форумы басталды. Жиында жас өнертапқыштар тың жобаларын таныстырып, цифрлық технологияның мүмкіндіктерін көрсетті.
Жасанды интеллект пен робототехникаға қызығушылық танытқан жастардың қатарында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары да бар. Олар көрмеге өздері құрастырған ерекше робо-домбыраны алып келген. Жобаның басты ерекшелігі – Брайль қарпімен жабдықталған арнайы технология. Бұл құрылғы зағип және есту қабілеті төмен жандардың домбыра шертуіне мүмкіндік береді.
ДИЯНА ҮРКІМБАЕВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ
Бүгінгі форумға мектебіміздің Бектулла Зарина және Шайахмет Інкар ойлап тапқан робо домбыраны алып келіп отырмыз. Бұның негізгі қызметі арнайы технология арқылы брайл шрфті бар. Мұның ерекшелігі зағип жандармен есту қабілеті төмен адамдар осы домбыраны шерте алады.
Форумның мақсаты – өңірде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына серпін беру. Сонымен қатар тың бастамаларды қолдап, IT-компаниялар, стартаптар мен жас өнертапқыштар арасындағы байланысты нығайту. Осы бағытта өз тәжірибесімен бөліскен мамандардың бірі – өнертапқыш Жангелді Досанов.
ЖАНГЕЛДІ ДОСАНОВ, ӨНЕРТАПҚЫШ
Балалардың үйіне бүкіл заттарды жібереміз. Электроника наборы, принтер Сол арқылы техникалық бағытта балалардың талантын ашатын боламыз.
Технологиялық жаңалықтар алаңына мемлекеттік органдардың өкілдері, IT мамандары, кәсіпкерлер мен стартап жетекшілері жиналды. Жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері де өз жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Жалпы, ауқымды форумға 500-ге жуық адам қатысып, цифрлық дәуірдің жаңа мүмкіндіктерін талқылады.