Негізгі Жаңалықтар ҚАЗАҚ ТАЕКВОНДОСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

ҚАЗАҚ ТАЕКВОНДОСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Елімізде таеквондо спорты қарқынды дамып келеді. Мардымды нәтижелер де жетерлік. Мәселен, соңғы өткен Азия ойындарында ұлттық құрама 1 алтын, 2 қола еншілеп, ел абыройын асқақтатты. Десе де, аталған спорт әлі де серпін мен қолдауды қажет етеді. Спортшылардың дайындығы мен беталысын бақылау мақсатында Шымкентке Таеквондо федерациясының вице-президенті келді.


Шымкенттік таеквондошылардың да қарқыны жоғары. Жеткен жетістік пен бағындырған белес жетерлік. Мәселен, 18 жастағы Ақерке Қасым – облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері. Шетелдерде өткен сайыстарда да қарсылас шақ келтірмеген. Ендігі меже – ел чемпионаты.


АҚЕРКЕ ҚАСЫМ, СПОРТШЫ
– «Алдағы уақытта барлығымыздың мақсатымыз жеңіске жетіп, жаттықтырушылардың үмітін ақтау. Қаламыздың намысын қорғап, Қазақстан чемпионатында мардымды нәтиже көрсетеміз деген үміттемін.»


Спортшылардың дайындығы мен беталысын бақылап, бағыт-бағдар беру мақсатында Шымкентке федерация мүшелері келді. Олар жергілікті таеквондошылардың жаттығуын тамашалап, шеберлігін байқады. Сын-ескертпе айтып, жөн сілтеді. Тәжірибе алмасып, алдағы жұмыс жоспарын пысықтады. Айта кетейік, елімізде таеквондоның пумсе бағыты мойындалып, жеке бағыт ретінде бекітілді.


ҚАНАТ БОЛАТБЕКҰЛЫ, ҚР ТАЕКВОНДО WT ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
– «Біз Шымкентке спортшылардың дайындығын бақылау мақсатында келдік. Олардың әл-ауқаты қандай? Қанша спортшы бар? Қызығушылық қай деңгейде? Оларға қажетті жағдай жасалған ба? Осы мәселелер бізді қызықтырады. Осы спортшыларға жеткілікті деңгейде көңіл бөліп, алдағы уақытта халықаралық жарыстарда ел әнұранын шырқатқымыз келеді!»


Соңғы жылдары таеквондо спорты жан-жақты дамып, жаңа бағыттары қалыптасып келеді. Яғни, спортшы бір ғана алтынмен шектелмей, бірнеше бағыт бойынша бақ сынап, жүлдегер атана алады.


 ОМАР ЖҰМАБАЕВ, АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ, HWARANG ТАЕКВОНДО АКАДЕМИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
 – «Бізде айтып жатады ғой, неге Қытайда 140 медаль? Бізде неге көп емес деген сияқты.» «Қазір VR таеквондо деген шықты. Ол да Азия ойындарының бағдарламасына енді. Оны да федерация дамытуды көздеп отыр. Сонымен қоса, 6 медаль алуға мүмкіндігіміз бар.»


 БАҚТИЯР ТОҚСЕЙІТОВ, ҚАЛАЛЫҚ №18 СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Үлкен қуанышты жаңалық – пумсе бағыты өз алдына спорттық бағыт ретінде мойындалды.»  «Бұл бағытқа қыздар көп келеді. Жарақат аз алатын спорт.»


 Іс-шара барысында жергілікті спортшылар пумсе бағыты бойынша дайындықтарын көрсетіп, шеберлік байқасты. Федерация мүшелері спортшылар мен жаттықтырушылардың әзірлігіне жоғары баға беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.


Бөлісу