«КИЕЛІ ҚАЗАҚСТАН» ТАНЫМДЫҚ ЭКСКУРСИЯСЫ
Шетелдегі қандастар Шымкентке келіп, тарихи отанымен танысты. Ұлттық дәстүр мен салт-сана жайында мағлұмат алып, білімін еселеді. «Киелі Қазақстан» танымдық экскурсиясы аясында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – шетелде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің Қазақстанмен байланысын нығайту, ұлттық тарих пен мәдени мұраны кеңінен таныстырып, рухани құндылықтарды дәріптеу. Жоба алтыншы рет өткізіліп отыр. Кездесуге әлемнің 12 елінен 20 қатысушы арнайы келген. Қатысушылар өз бастамаларын таныстырып, шетелдегі қазақ диаспорасының тыныс-тіршілігі туралы баяндады.
ДИДАР БОЛАТ, «ОТАНДАСТАР ҚОРЫНЫҢ» БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
– «Басты мақсатымыз – балаларды киелі жерлермен таныстыру. Бұған дейін келуді армандап жүргендер бар. Олардың барлығының жол шығынын өзіміз көтереміз. Сол, жаңағы айтқандай, тарихи отанмен таныстыру – мақсатымыз. Осында келген кезде олар өздерінің жұмыстарын таныстырады. Біріншіден, енді келгеннен кейін ол кісілерге: “Ойларыңыз болса, бізге, “Отандастар” қорына айтыңыздар”, – дейміз. Әрине, айтылған ұсыныстар жолда қалмайды. Оны барынша қолдап, көмек көрсетіп, жұмыстарды жасаймыз.»