ЖОЛДАУ ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР СҮРУ САПАСЫН ЖАҚСАРТАДЫ
Күн, жел, су – бұның барлығы табиғи қуат көздері. Ал атом энергиясы – энергетикалық ресурстың маңызды элементі. Балқашта салынатын алғашқы атом электр стансасы еліміздегі уран қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, импортқа тәуелділіктен арылтады. Бұдан бөлек, Жолдауда айтылған әлеуметтік инфрақұрылым мен жол құрылысы ел экономикасының қозғаушы күшіне айналады, дейді шымкенттіктер.
Біздің Қазақстанда үлкен уран қоры бар ғой. Сол уран қорын тек шикізат ретінде қалдырмай, болашақта, алдағы 100 жылда электр энергиясын өндіруге пайдалану міндеті қойылды. Уран өндірісіне қатысты айтар болсам, Қазақстан Республикасы тек уран өндіруші мемлекет болып қана қоймай, әлем бойынша атом энергетикасы мен жоғары технологияны дамытқан елге айналуы тиіс деген мақсат қойылды деп ойлаймын. Мен мұны өз басым өте қолдаймын.
Бұрынғыға қарағанда қазір барлық сала біршама дамыған. Жол жағынан болсын, көлік қатынасы жағынан болсын, ілгерілеу бар. Бұрын бір жаққа бару үшін қатты қиналатын едік. Мысалы, ауылдан қалаға бару үшін бір ғана автобус қатынайтын. Сол автобуспен барып, сол автобуспен қайтатынбыз. Одан кейін басқа көлік болмайтын. Ал қазір такси де, жеке көлік те бар. Жол да жақсы. Қаланың көркеюі де көңіл қуантады.
Президент Жолдауын өте мұқият тыңдадық. Оның ішінде Президент ерекше атап өткен мәселелердің бірі – ауыз су мәселесі. Бұл бағыттағы жұмыстарға баса назар аударылды. Өйткені біздің қаламызда халық саны да, көлік саны да көп. Сондықтан ауыз су мәселесіне ерекше көңіл бөлінгені орынды. Бір көлікті жууға 150-200 литрге дейін ауыз су жұмсалады екен. Жалпы, құрғақшылық пен су тапшылығы жағдайында мұндай ысырапқа жол бермеуіміз керек. Суды үнемдеу – баршамызға ортақ міндет.