ШЫМКЕНТ ПЕН ПЕРМЬ ӘРІПТЕСТІГІ
Шымкент пен Ресейдің Пермь қаласы арасындағы байланыс жаңа кезеңге қадам басты. Екі шаһардың басшылығы бауырластық туралы келісімге қол қойып, экономикалық, мәдени, білім беру және туристік бағыттардағы әріптестікті дамытуға уағдаласты. Ресми сапар аясында тараптар өзара тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Шымкент пен Пермь – экономикалық құрылымы, аумағы және халық саны жағынан бір-біріне ұқсас қалалар. Бұл ортақ ерекшеліктер екі шаһар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға негіз болмақ. Пермь қаласының басшысы Эдуард Соснин Шымкентке жасаған ресми сапары барысында қаланың даму қарқынымен танысып, білім беру, шығармашылық және спорт салаларындағы мүмкіндіктерге жоғары баға берді.
ЭДУАРД СОСНИН, ПЕРМЬ ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ,РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ
Шымкент пен Пермь қалаларының экономика құрылымы, аумағы және халық саны жағынан ұқсастықтары көп. Бүгін осыған өз көзіммен көз жеткіздім. Әсіресе, білім беру мен шығармашылық бағыттағы жобалар біз жүзеге асырып жатқан бастамалармен үндеседі. Шымкенттік оқушыларды Пермьде өтетін жобалау және LEGO құрастыру бағытындағы байқаулар мен форумдарға қатысуға шақырдық. Сонымен қатар екі қаланың жас спортшылары арасында бірлескен жаттығулар мен жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік мол.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – туризм. Шымкенттің географиялық орналасуы, гастрономиялық ерекшелігі мен тарихи орындарға жақындығы шетелдік саяхатшылар үшін тиімді мүмкіндік саналады. Қала екі тарихи орталық – Түркістан мен Ташкенттің арасында орналасқан. Бұған қоса, маңайдағы ұлттық табиғи парктерге де қысқа уақытта жетуге болады. Ал Пермь мен Қазақстан арасында тікелей әуе қатынасының ашылуы туристік байланысты жандандыруға ықпал етпек.
БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ, ТУРИЗМ ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгінде Шымкенттен бірқатар шетелдік қалаларға тікелей әуе рейстері қатынайды. Келесі жылы Пермь мен Астана арасында тікелей рейс ашылады. Бұл қаламызға келетін туристер санын арттыруға қосымша серпін береді деп сенеміз. Бүгін қол қойылған бауырластық туралы келісім аясында туроператорлармен және тревел-блогерлермен бірлесіп жұмыс істейміз. Биыл Бакуге арнайы блог-тур ұйымдастырдық. Енді осындай тәжірибені Пермь қаласымен де жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Тараптар бауырластық туралы келісім екі қала арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді деп сенеді. Алдағы уақытта кәсіпкерлердің іскерлік кездесулері, жастар форумдары, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Негізгі мақсат – қалалар арасындағы байланысты нақты жобалармен бекітіп, ұзақ мерзімді әріптестік қалыптастыру.