ЖЕДЕЛ ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ ЖАҢА КЕШЕНІ АШЫЛДЫ
Төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету – адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтаудың басты шарты. Шымкентте осы бағыттағы инфрақұрылым жаңарып, құтқару қызметінің мүмкіндігі кеңейді. Қалада күрделі жөндеуден өткен өрт сөндіру бөлімі пайдалануға беріліп, 112, 102 және 103 қызметтерін біріктіретін бесінші әмбебап кешен ашылды. Жаңа нысандардың жұмысымен тілшіміз танысып қайтты.
Шымкенттегі №7 өрт сөндіру бөлімі күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді. Нысанның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі мен қала әкімі қатысты. Салтанатты жиында министр күн-түн демей қызмет атқарып жүрген азаматтық қорғау саласының мамандарына алғыс білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайлар қызметінің маңызы мен құтқарушылар еңбегіне қатысты айтқан сөздеріне тоқталды.
МҰРАТ МҰХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
Мемлекет басшысының да үнемі айтып отыратыны осы халқымыздың, азаматтарымыздың өмірі мен қауіпсіздігі басым бағыттарының бірі. Бізге соның барлығы тапсырма, міндет. Енді осы өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамының күнделікті 24/7 тәулік бойына қызмет атқаратын орындарын жақсарту, қолайлы жағдай жасау біздің тағы да міндетіміз.
Шұғыл жағдайда әр секундтың маңызы зор. Сондықтан жедел қызметтердің өзара үйлесімді әрі жылдам жұмыс істеуі – басты талапқа алынады. Жаңа кешенде 112, 102 және 103 қызметтері бір жерде орналасқан. Бұл мамандардың күш біріктіріп, тұрғындарға уақытылы көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Ал мұндай жүйенің жұмысы қалай ұйымдастырылған?
АЗИЗ САИПОВ, ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Бұл кешенде барлық жағдайлар қарастырылған. Өрт сөндіру автокөліктеріне арналған бокстар, одан кейін дисперческий бар, жататын бөлімдер бар. Асхана, оқу сыныбы одан бөлек оқу мұнарасы бар. Площадкалар сонымен қатар бөлек жедел жәрдем қызметіне және полиция қызметкерлеріне өздерінің бөліміне қарастырылған. Бұл жалпы кез-келген төтенше жағдайларға әрекет ету өте тиімді болады. Себебі, өртке немесе бір төтенше жағдайларға барған кезде міндетті түрде жедел жәрдем және полиция қызметкерлерінің көмегі керек болады.
Салтанатты шара барысында азаматтық қорғау саласында ұзақ жылдар еңбек етіп жүрген мамандар да марапатталды. Солардың қатарында 14 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Ернар Білісбекұлы бар. Оған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің алғыс хаты табысталды. Марапат иесі жаңа нысанның ашылуы Жаңаталап тұрғындары үшін маңызды екенін атап өтті.
ЕРНАР БІЛІСБЕКҰЛЫ, ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шымкент қаласы оның ішінде Жаңаталап елді-мекенін осындай кереметтей өрт сөндіру бөлімінң ашылуымен құттықтаймын.
Осылайша, Шымкентте құтқару қызметінің материалдық-техникалық базасы нығайып, мамандардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды. Жаңартылған өрт сөндіру бөлімі мен жаңа әмбебап кешен қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Ал ең бастысы – төтенше жағдайда әрбір секундтың қадірін білетін мамандардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік артады.