Негізгі Жаңалықтар КІТАПҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

КІТАПҚА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

Өңірде кітап оқуға қызығушылық артып келеді. Қазір Түркістан облысынан 13 мыңнан астам оқырман «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысуда. Бұл бастаманың ауқымын кеңейтіп қана қоймай, мазмұнын байыту қажет. Осы мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды.

Кітап оқу – жай ғана әдет емес, ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыратын маңызды құрал. Облыс әкімі жобаны науқаншылдыққа айналдырмай, нақты нәтижеге бағыттау керектігін ескертті. Әрбір іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын оятуы тиіс.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 «Жобаны тек қағаз жүзіндегі науқаншылдыққа айналдырмау керек. Барлық іс-шаралар ауқымды, креативті идеялармен толықтырылып, тарих пен ұлттық құндылықтарды насихаттаумен тығыз байланысуы тиіс. Тұтас өңірді қамтитын стратегиялық жоспар нақты нәтиже беруі шарт».

Бүгінде облыста 391 кітапхана оқырманға қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері үш ауылдық кітапхана ашылып, тағы сегізі заманауи ғимараттар мен мәдениет үйлеріне көшірілген. Сала мамандары оқырман сұранысын да зерделеп, кітап қорын соған сай толықтыруға басымдық беріп отыр.

БАҚЫТЖАН САДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Оқырмандардың сұранысын зерделедік. Әдебиеттерге деген сұраныстың әртүрлі екенін анықтадық».

Марафонның нәтижесі де көңіл қуантады. Қазір жобаға өңірден 13 321 оқырман қатысып, жинаған ұпай саны 9 миллионнан асқан. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер мен тұтас әулеттер бар. Ендігі міндет – осы қызығушылықты тұрақты оқырман мәдениетіне айналдыру.


Бөлісу